Біздің болашағымыз - мемлекеттік тілде
2011 жылдың 14 қараша күні Ғылыми кітапханада «Біздің болашағымыз мемлекеттік тілде» атты іс-шара өтті. Тіл мерекесіне ПМПИ-дің ДТжС - 21 тобының студенттері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты - жастар арасында ана тілге деген құрмет, тілді насихаттау.
«Тіл – халық қазынасы» дегендей тілдің тарихы жайында жаңалықтар, материалдар беріліп, Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдауынан үзінділер оқылып, қазақтың қара домбырасымен жаңғыра шыққан күй үні шараның шымылдығын аша отырып, оқырмандарды бір серпілтіп тастады. Ұлттық ойындар туралы сөз қозғағанда ДТжС-21 тобының студенттері Мұрагер Армия мен Ержан Смаков белсенділік танытып, барлық спорт түрлеріне, оның ішінде ұлттық ойындарға қысқаша тоқталып, біраз мағлұмат келтірді.
«Ән – көңілдің ажары» дегендей қазақтың халық әнін домбыраға қосып айтқан әнші қызымыз Айнұр Мұрат және өз жадынан шығарған толғауын орындаған Мақпал Сейітованы оқырман қауым сүйісіне отырып тыңдады. Шара соңында кітапханашы Қымбат Аманжолова «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» атты шағын баяндамасын оқып, жаңа кітаптармен таныстырып, студенттерді, жастарды оқу-білімге, көркем әдебиетті оқуға шақырды.
< Алдыңғысы | Келесі > |
---|