Перейти к содержимому страницы.

Ұрпаққа өнеге болған тұлға

26.09.2017

Павлодар облысының ұстаздарын дайындайтын білім ордасы ‒ Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының 55 жылдық тарихи мерейтойында көптеген шаралар ұйымдастырылғаны баршамызға аян. Әсіресе, «ПМПИ қолжазбасы» атты мұражай экспозициясының ашылуы, онда білім ордасының іргетасы қаланғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи шежіресінің топтастырылуы, ұлы ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 5 томдығының, өлкетанушы Тілеукен Еңсебаевтың 7 томдық еңбек жинақтарының, Аманжол Шамкеновтің 2 томдық жинағының,  «Өнегелі тұлғалар» атты білім ордамыздың педагогикалық еңбек ардагерлері туралы 11 кітаптың жарық көруі, әр жылдарда бітіріп кеткен институт түлектерінің елеулі еңбектерінің бағаланып, түрлі шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылуы мереке мазмұнын тереңдете түсті. Бұл тарих шежіресі болашақта да жалғасын табатыны сөзсіз.

Ең бастысы, студенттер мен ұстаздардың ерекше есінде қалатын оқиға ‒ жерлес ақынымыз, Қазақ Елінің ұстаздарының әнұранына айналған «Ұстазым» әнінің авторы, аудармашы, Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, КСР жоғары кеңесінің Құрмет грамотасы мен қазақ әдебиетінің дамуына қосқан «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, елу шақты кітаптың, отызға жуық пьесаның авторы, Пушкин, Лермонтов, Хикмет, Есенин, Гейне сияқты ақындардың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетуші қаламгер Аманжол Шамкеновтің туғанына 90 жылдық мерейтойына орай оның орыс тілінде алғаш рет екі томдық жинағы шығарылып, институт қабырғасында ақынға арналған бұрыштың ашылуы. Бұл шараның өтуіне мұрындық болған институтымыздың ректоры химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нұхұлының бастамасы мен филология және тарих факультеті қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының ұжымы болды.

Бұрыштың ашылуының алғашқы сөзін институт ректоры Алтынбек Нұхұлы:

– Еліміздің мақтанышы, ақын Аманжол Шамкенов атамыздың 90 жылдық мерейтойын ел болып атап өтіп жатқан тұста біздің білім ордамыздың үлессіз қалуға құқығы жоқ деп білемін. Мұндағы басты мақсатымыз ‒ кейінгі ұрпақ тарихта аттары алтын әріптермен жазылған, ерекше есте қалатын, еңбегі сіңген тұлғаларымыздың өнері мен өмірі жайлы біліп жүруі керек. Солардың бірі ‒ Аманжол Шамкенов, ол өзінің өнегелі ісін қазақ ұрпағына ақындық үнімен, жазуымен мирас еткен адам, – деп ақын еңбегіне жоғары баға берді.

Аталмыш шараға Аманжол Шамкеновтің балалары арнайы қатысып, әкелерінің осындай мәртебе-беделіне риза болып, бес томдық жинағын сыйға тартты. Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының ұстаздары мен студенттері ақын шығармашылығының көркемдік ерекшеліктері мен ақындық ұстанымына баға беріп, көпшілікке жан-жақты көрсетуге еңбек сіңірді. Оның поэзиядағы дүниетанымдық, азаматтық үнін танытатын өлеңдерінен үзінділер оқылды.

Салиқалы да, салмақты мәні бар бұл шара ақын Аманжол Шамкеновтің ел арасына көпшілікке кеңінен таныс, ұстаздар қауымы мен шәкірттердің сүйікті әніне айналып, әнұранындай болған  «Ұстазым» әнімен аяқталды.

">