Перейти к содержимому страницы.

«Алтай мұрасы» автоэкспедициясы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында

27.05.2016

2016 жылғы 25 маусым күні Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті делегациясы жұмыс сапарымен келді. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Алтай мұрасы» автосапарының соңғы бағыты Павлодар қаласында табан тіреген еді.

ПМПИ ұжымы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры Ерлан Садықовтың басшылығымен келген делегация мүшелерін ыстық лебізбен қарсы алып, сапардың соңғы нүктесінен шығарып салды. Делегациясы құрамында университеттің беделді этнографтары, жазушылары, еңбегі сіңген өнер және қоғам қайраткерлері сияқты 25 қатысушы болды. 4500 км созылған автоэкспедиция 12 күнге созылды.

Автоэкспедицияның басты бағыты – Алтайдың мәдени-тарихи мұраларымен кеңінен танысып, еліміздегі автомобильдік туризмді дамытуға үлес қосу болып табылады. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлату барысында ұйымдастыру комитеті әр айды өзгеше мерекелеуге барынша назар аударды. Маусым айын «Рәміздер айы» деп атады. «Алтай мұрасы» атты автоэкспедициясының негізгі мақсаты – тәуелсіздік арқылы келген жақсылықтарымызды, нәтижелі жұмыстарымызды насихаттау, ішкі туризмді дамытуға көпшіліктің назарын аудару, ұлттық салт-сана, дәстүріміздің тереңдігін ұғындыру болып есептеледі», - деп Ерлан Садықов кездесу барысында ұйымдастырылған үлкен іс-шараның маңыздылығына тоқталды. ПМПИ ректорының міндетін атқарушы Алтынбек Нухулы қонақтарға институттың тарихы мен бүгінгі жеткен жетістіктері мен алдағы қойған мақсаттары жайлы қысқаша айтып кетіп, әр келген қонақты институт ұжымына таныстырып, біраз мәселелерді ортаға салды. Соған қоса, ПМПИ Қазақстандағы педагогикалық институттардың ішінде алдыңғы қатарда екенін атап өтіп, заманауи әлемде білімнің маңыздылығы жайлы сөз қозғады.

Кездесу соңында экспедияцияның әр қатысушысы өз ойлары мен ұсыныстары жайлы бөлісті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәліков өз қолымен жасаған Елтаңбаны ПМПИ-ге естелік ретінде сыйлады.