Үстіміздегі жылдың 11 қыркүйек күні ПМПИ-де аталмыш жоғары оқу орнының биоценология ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Су - өмір көзі» атты IY халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Бүгінгі таңдағы ғалымдарды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі – экологияның бұзылуы, таза су қорының азаюы. Ғалымдар мен мамандар осы проблемаларды ортаға салды Конференцияның ашылу рәсіміне ПМПИ проректоры, профессор З.Дүкенбаева, сондай-ақ Қазақстан және Ресейдің жоғары оқу орындарының ғалымдары мен мамандары және оқытушылары қатысты. Конференцияның жалпы отырысында ПМПИ проректоры, б.ғ.д., профессор Қ.О. Базарбеков, Иркутск мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, б.ғ.д., О.Г. Пенькова, Иркутск мемлекеттік педагогикалық университетінің ҒЖ және ХЫ жөніндегі проректоры, б.ғ.д., С.В. Пыжьянов, Ресей ғылым академиясының Сібірдегі бөлімшесінің П.И. Мельников атындағы «Тоңтану» институтының қызметкері С.В. Федорова, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық бөлімшесі бастығы Д.С. Мусин және ПМПИ-дің биоценология ғылыми-зерттеу орталығының бастығы, б.ғ.к., доцент Б.Қ. Жұмабекова баяндама жасады.
Конференция материалдарына Қазақстан (Павлодар, Алматы, Тараз, Ақтау, Екібастұз) және Ресей (Мәскеу, Новосібір, Барнаул, Кемерова, Тамбов, Улан-Удэ, Иркутск, Якутия) ғалымдарының ғылыми жұмыстары қамтылған.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстарына әдіснамалық көмек көрсету бағытында тұрақты жұмыс жасап келеді. Осы жолғы конференцияның жаңалығы әрі дәстүрге айналған «Мұғалімдер мен оқушылардың ғылыми зерттеулері» атты секциялық жұмыс жалғасты. Оған Павлодар, Екібастұз қалаларының және Павлодар облысының педагогтары мен оқушылары қатысады. Конференция соңынан белсенді қатысқан талантты оқушылар марапатталды.
Ғылыми кітапхана конференция тақырыбы бойынша кітап көрмесін ұйымдастырды.
Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандары б.ғ.д., профессор Қ.О. Базарбеков, б.ғ.д., Пенькова, б.ғ.к., Б.Қ. Жұмабекова және әлеуметтану мен экономика магистрі О.Е. Комаров интерактивтік дәрістер, тренингтер және практикалық сабақтар жүргізді.
Семинар соңынан біліктіліктерін арттырғаны жөнінде арнайы сертификат табысталады.
|