Осындай игі шаралардың қорытындысы ретінде, үстіміздегі жылдың 24 қыркүйегі күні ғылыми кітапхананың мұрындық етуімен «Ақын – Шығыс әулиесі» атты М. Жұмабаевқа арналған .ой толғау кеші өткізілді. Әдеби кеш барысында республикалық акция жөнінде кеңінен мағлұмат берілді. Естеріңізге салсақ, «Бір ел – бір кітап акциясы» 2007 жылы ұйымдастырылған болатын. 2007 жылы жаппай оқу үшін Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» алынған еді. Өткен жылы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесін таңдады. Ал, үстіміздегі жылы аталмыш акция мыңдаған қазақстандықтарды М. Жұмабаевтың шығармаларына бет бұрғызды.
Акцияның негізгі мақсаты – жалпы адамзаттық және ұлттық идеяларды, тарихи-мәдени дәстүрлерді, еліміздің тарихы мен қазіргі дамуын көрсететін шығармаларды насихаттау, жастардың оқу ынтасын арттыру, жастарды отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеу.
Мағжанға арналған ой-толғау кеші сондай әсерлі өтті, тәрбиелік мәні де зор болды. Ақынның өзі айтып кеткеніндей оның өзі сенетін қазақ жастарының, ізбасарларының аяғын басып, тәй-тәйләп өсіп келетіндігі кешке қатысушыларды бір серпілтіп тастады. Олар ақынға арнап өлең оқыды, жыр жазды, плакат жасады, ессе жазды және «Батыр Баян» шығармасынан үзінді оқыды, әнін орындады. Кешке қатысушылар жазушының өнегелі өмір жолы мен артына қалдырған бай мұраларының жастарды жақсылыққа, адамгершілікке, отаншылдыққа, халықтар достастығына баулитын қымбат қазына, рухани азық екендігін, сонымен қатар жастар үшін, болашақ педагогтар үшін тәрбиелік мән-мағынасының аса зор екендігін, оның халқын шын сүйген, сонымен бірге сүйінген, аянышты ел күйін көріп сезімталдыққа берілген шын халық досы екендігін аталмыш шығармаларында айқын да ашық суреттеп, көрсетіп берді.
Кешке облыстық тілдерді дамыту басқармасының маманы Батырбек Қайратұлы, облыстық білім беру басқармасының тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Шәрбет Жұмаділова, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер, колледж оқушылары, ақындар, әдебиет жанашырлары қатысты. Ақынның шығармаларына арналған студенттер арасында өткен жазба, шығарма байқауларында оза шапқан студенттерге сый-сияпат көрсетілді.
Осындай шаралар оқу мәдениеті мен сауаттылықты қалыптастыру, рухани мұрамызды сақтап, ана тілімізге деген қамқорлық көзқарасты және жастарды отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелейтіндігі сөзсіз.
|