Перейти к содержимому страницы.

Педагог-ағартушылар

Қазақ жерінің ағартушылары — Мұса Шорманов пен Әбікей Сәтбаев

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының алдында қазақ ағартушылары Мұса Шорманов пен Әбікей Сәтбаевқа ескерткіш орнатылған.  

Баянауыл өңіріне ғана емес, күллі елімізге аты мəлім, халыққа қамқор, ұрпаққа жанашыр, елге қорған Мұса Шорманұлы мен Әбікей Сәтбаев - өз заманында ана тілін көздерінің қарашығындай қорғап, келешек ұрпаққа ұмытылмас өсиет қалдырған қазақтың дара тұлғалары.

Бұл ағартушылардың аты-жөндері ұзақ уақыт бойы аталмай келген-ді. Бірақ, уақыт таразысы өз өлшемін жасады, тұлғалардың есімдері еліне қайтарылды.

Мұса Шорманов (1818-1884) – ағартушы, қоғам қайраткері, фольклорист, Павлодар уезінің қазақтар туралы этнографиялық, тарихи еңбектердің авторы.

Шорманов өз заманы үшін жеткілікті білімді, көпке танымал және беделді адам болған. Александр Лукин деген офицердің қолында екі жыл оқып, орысша сөйлеу мен жазуды үйренген ол 1833 жылы Баянауыл сыртқы округі ашылғанда үмбетейлердің болысы болып сайланды, 1843 жылдан округтік қазы болды. Мұса Шормановты адамгершілігі, кең пейілдігі үшін халық оны «Үлкен мырза» деп атаған. Қоғамдық істермен белсене араласып, өзінің туған жиені, белгілі ғалым Ш.Уәлихановпен тығыз байланыста болған.

Қазақ жастарының білім алуына үлкен көңіл бөліп, Баянауылда мешіт құрылысын ұйымдастырған, медресе ашқан, Омбы мен Павлодар қалаларында қазақ балаларына арналған орыс мектептерінің ашылуын ұйымдастырған, көшпелі дала гимназиясын ашу жөнінде Батыс Сібір басшыларына бірнеше рет хатпен өтініш білдірген. 1847 – 1849 жылдары Сібірден 60 мыңдай қазақтарды көшіріп әкеліп, округке таратып қоныстандырған.

Мұса Шормановтың ғалым ретінде қалыптасуы де мүмкін еді. Ол елінің  этнографиялық ерекшеліктерін зерттеумен айналысқан. Бұл еңбектер бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалған жоқ. Сібірде шығып тұратын газеттерге материалдар ұсынып, Географиялық қоғам ұйымдастырған көрмелер мен оның   Г.Н. Потанин, Н.И. Ядринцев, Н.Ф. Костылецкий сияқты мүшелеріне қазақ елі жөнінде материалдар дайындап тұрған. Орыстың кен іздеуші көпестері келе бастағанда оларға жол көрсетуші қазақтарға жер-су аттарын орысшаламау жағын қатаң тапсырған.

Ол өз өлкесінің мәдени, қоғамдық өміріне белсене қатысты, өлке халқының сүйіспеншілігіне, құрметіне бөленіп, беделді тұлғаға айналды. М.Шорманов Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Ақкелін қонысында жерленген.

Әбікей Сәтбаев (1881-1937) – Ертістің Павлодар өңірінің көрнекті педагогі, ағартушы, филолог. Ол Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы – Қ.И. Сәтбаевтың білім алуына зор септігін тигізген. Әбікей - ғалымның ағасы.

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қ.Сәтбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Алдымен өзінің отбасында сауат ашқан ол Семей мұғалімдер семинариясында оқиды. Орыс тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің мұғалімі. Оқу бітірген соң Павлодардағы орыс-қазақ училищеде сабақ береді. Алаш қозғалысы тұсында ол Алаш партиясы атынан Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылған. Екінші жалпықазақ съезінде депутаттықка ұсынылған.

Кеңес өкіметі жылдары Ә. Сәтпаев халыққа білім беру саласында жемісті еңбек етті. 1920-1921 жылдары Семейдің губерниялық халыққа білім беру бөлімінің төрағасы болды. Одан кейін өзі оқыған мұғалімдер семинариясында оқытушылық жұмыс атқарды. Ал 1922 жылдың желтоқсан айынан бастап жаңадан ашылған Семей педагогикалық техникумының директоры болды. Ол бұл қызметті 1927 жылдың аяғына дейін атқарды. Бұдан соң ол Омбының жұмысшылар факультетінде сабақ берді. Сол кездегі кеңестік жүйе Алашорда  козғалысына катысқаны үшін айыптай берген соң, ол Қырғызстанға көшіп, қазіргі Бішкек қаласындағы педагогикалық институтта жұмыс істеді.

Әбікей Сәтбаевты кім болған дегенде, бұл кісіні ғалымдардың, әдебиетшілердің, ұлттық интеллигенцияның ұлағатты ұстазы деп атауға болады.  Әбікей Зейінұлы Сәтбаев бар күшін, білімін, тәжірибесін жаңа ұрпақты тәрбиелеу және мектеп қалыптастыру ісіне жұмсады. Оның жетекшілігімен ауылдарда сауатсыздықты жою науқаны жүргізілді. «Мұғалім қандай болу керек?» «Ағарту жұмысында не шара қолдануымыз керек?» және т.б. мақалаларында білім және ағарту мәселелерін, қазақ халқының дамуы жолдарын қарастырды, жастардың білім өрісін кеңейту кажеттілігі, сөйлеу және жүріс-тұрыс мәдениетін, әдеби тілді қолдану икемділігін калыптастыру мәселелерін көтерді. Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың пікірінше, нағыз ұстаз үшін әз атын, қадірін сақтай білу, еңбегінің түпкі мақсатында қателеспеу, қиындықтарға шыдай алу өте маңызды. Әбікей Зейінұлы Сәтбаев шәкірттері арасында көптеген ғалымдар, республиканың белгілі мемлекет қайраткерлері бар. Олардың айтуынша, Әбікей Зейінұлы Сәтбаев дарынды педагог, талапты, зиялы, ой өрісі кең, жан-жақты білімді, өзімшілігі мол адам болған.

Ә.Сәтпаев «Таң», «Сана» және т.б. басылымдарда оқу-ағарту мәселелеріне арналған бірқатар мақалалар жазған. 1937 жылы тұтқындалып, ату жазасына кесіледі.