Перейти к содержимому страницы.

«ПМПИ-дің ең үздік студенті» байқауын өткізу туралы ереже

«ПМПИ-дің ең үздік студенті» байқауын өткізу мақсаты студент жастарының институт өмірінің түрлі салаларын дамытуға қатысуы мен рөлін арттыру, жоғары академиялық үлгерімді, шығармашылық, әлеуметтік белсенділікті және басты мәселелерді шешуде студент жастардың әлеуетін пайдалануды ынталандыру, мұғалім мамандығының беделін арттыру болып табылады.     

Байқау ПМПИ-дің күндізгі оқу нысанының 3-4-курстарында тек қана «жақсы» және «үздік» оқитын студенттерінің арасында мынадай номинациялар бойынша өткізіледі:

1. институттың қоғамдық өміріне қатысуы және әлеуметтік маңызы бар және ұйымдастырушылық қызметі – 3;

2. ғылыми-зерттеу қызметіндегі жетістіктері – 3 орын;

3. мәдениет және өнер саласындағы жетістіктері – 3 орын;

4. спорттағы жетістіктері – 3 орын.

Байқауды өткізу мерзімдері:

Байқау оқу жылы ішінде өткізіледі.

1-тур: факультеттерде өтеді. Байқауды жариялау. Байқау талаптары мен өтінімдер беру мерзімдері туралы ақпарат институт сайтына орналастырылады және декан орынбасарлары мен оқу топтарының ағымдағы оқу жылындағы топ басшылары арқылы таратылады.

2-тур: комиссияның номинанттарды іріктеу жөніндегі жұмысы. «ПМПИ-дің ең үздік студенті» атағын беруге кандидаттар күндізгі оқу нысанында оқитын студенттердің қатарынан факультет басшылығымен жастар істері жөніндегі комитет мүшелерінің қатысуымен ұсынылады. Құжаттарды қабылдаудың соңғы мерзімін номинанттарды іріктеу жөніндегі комиссия белгілейді.

3-тур: байқау қорытындыларын шығару. Қорытынды нәтижелерді комиссия ағымдағы оқу жылында құжаттарды тапсырған күннен бастап бір айдан кешіктірмей жариялайды.

Номинанттың инстиуттың қоғамдық өміріне қатысуы жоо-ның, қаланың, республиканың әлеуметтік маңызы бар және ұйымдастырушылық қызметіндегі жетістіктері үшін:

- институт мәселелерін шешу тиімділігіне бағытталған өзіндік жобасын ұсынуы, номинанттың жоо қоғамдық қызметіне қатысуы;

- жобаның өзектілігі мен әлеуметтік маңызы;

- жобаны іске асырудағы өзіндік ерекшелігі және оның тәжірибеде жүзеге асырылуы;

- бүкіл мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға конкурсанттың қатысуы және оның әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысқанын растайтын құжаттардың болуы (дипломдар, грамоталар, ұсынымдар, алғыс хаттар және т.б.);

- конкурсанттың жастардың қоғамдық ұйымдары мен коммерциялық емес ұйымдардың жұмыстарына қатысуы;

- марапаттарының, жүлделі орындарының және жас көшбасшылар арасындағы байқаулардағы басқа да жеңістерінің болуы;

- әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға арналған гранттарының болуы.

Ғылыми-зерттеу қызметіндегі жетістіктері үшін:

- байқау қатысушысының ғылыми-зерттеу талдамаларының өзектілігі, жаңашылдығы, маңызы;

- жарияланған ғылыми мақалаларының, тіркелген өнертабыстарының болуы;

- байқау қатысушысының марапаттарының, жеңіп алған гранттарының және ғылыми-зерттеу жобаларындағы басқа да жеңістерінің болуы;

- халықаралық, жоо аралық, институттық олимпиадаларға және шығармашылық байқаулар мен ғылыми-практикалық конференцияларға қатысуы.

Мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктері үшін:

- институттың, қаланың және республиканың мәдени әлеуетіне қосқан жеке үлесі;

- байқау қатысушысының жеке шығармаларының болуы;

- құрмет атақтарының, марапаттарының, жүлделі орындарының және шығармашылық байқаулары мен сайыстарындағы басқа да жеңістерінің болуы;

- институт студент жастарының бос уақытын ұйымдастыру саласын дамытуға белсенді қатысуы, соның ішінде жалпы қалалық және республикалық байқаулар мен конкурстарға қатысуы;

Спорттағы жетістіктері үшін:

- спорттағы жетістіктерінің, марапаттарының және атақтарының болуы;

- қала жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау бойынша белсенді қызметі;

- институттағы бұқаралық дене тәрбиесі-сауықтыру жұмысын дамытуға белсенді қатысуы;

- жоғары деңгейдегі әрі спорт жетістіктерін насихаттайтын спорттық жарыстарға қатысуы.

«ПМПИ-дің ең үздік студенті» байқауына қатысуға арналған конкурстық құжаттар жиынтығы әрбір кандидат үшін мынаны қамтуы тиіс:

- кандидат жайлы мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты; туған күні, айы және жылы; тіркелген орны мен нақты тұратын мекенжайы, байланыс телефондары; е-mail, жеке бас куәлігінің көшірмелері);

- ұсынылған кандидатқа «ПМПИ-дің ең үздік студенті» атағын беру туралы қолдаухат, мұнда байқау номинациясына сәйкес ұсыну негіздемелері көрсетіледі де факультет деканының қолы қойылады;

- ғылыми және шығармашылық еңбектерінің тізімі, мұнда олардың жариялану көздері, фотосуреттері, бейнематериалдары, баспа өнімі, дипломдары мен ғылыми шығармашылық және спорттық байқауларда, ғылыми конференциялар мен олимпиадаларда қатысуын/жеңісін растайтын басқа да құжаттардың көшірмелері көрсетіледі.

Қорытындыларын шығару

Байқау қорытындыларын шығару үшін ректордың бұйрығымен конкурс-тық комиссия құрылады. Комиссия құрамы байқау басталғанға дейін 10 желтоқ-санға дейінгі мерзімде бекітіледі. Конкурстық комиссия құрамына ректорат мүшелері, студенттік жастар ұйымдарының жетекшілері кіреді. Өз қызметінде комиссия осы ережені басшылыққа алады.

Комиссия жұмысының регламенті:

- комиссия конкурсттық құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейінгі 10 күн ішінде қарастырады;

- ұсынылған кандидаттарды бекіту комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы жүзеге асырылады;

- егер кандидат үшін отырыстағы комиссия мүшелерінің жартысынан көбі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең келген жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады;

- комиссия шешімін ректор бекітеді және осы шешім негізінде бұйрық шығарылады.

Байқау нәтижелері

«ПМПИ-дің ең үздік студенті» байқауының нәтижелері институт сайтында және баспасөзде жарияланады, ал фотосуреттері «ПМПИ-дің ең үздік студенті» стендінде орналастырылады. Байқаудың барлық жеңімпаздары «ПМПИ-дің ең үздік студенті» сертификатымен марапатталады.