Перейти к содержимому страницы.

Дәстүрді сақтап...

20.09.2016

2016  жылдың 19 қыркүйегі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Академик Әлкей Марғұлан атындағы аймақтық археологиялық орталық ашылды. Ленин көшесі, 151 үй облыс әкімдігінің шешімімен оқу ордасына берілді.

Орталықтың аты танымал ғалым-археолог, әлемдік деңгейдегі тарихшы, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның атына берілуі тегін емес. Ол археология мен этнологияның қазақ  даласында негізін салушы, Қазақстан тарихын жетік меңгерген ғалым.

Орталықтың негізгі миссиясы – Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттау. Мұнда облыстың археологиялық, өлкетану мен туризм зерттеулері жүргізілетін болады.

Осы бір атаулы күні ПМПИ-ге Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев келіп, құттықтады. «Орталық алдағы уақытта аймақтың тың дүниелерін зерттеуге негіз болады деген үміттемін», - дей отырып, ол ПМПИ-дің Қазақстан Республикасы мен аймақ үшін қосқан сүбелі үлесі мол екендігіне тоқталды.

Бір жылға жуық уақыт Ақкөл-Жайылма аумағында этнографиялық-археологиялық кешендерге зерттеулер жүргізілуде. 2004 жылы Ақкөл көлінің жағасынан екі шақырым қашықтықта Қаражар пунктінде қазақ моллаларының ішінен екі ғасырлық кесенелердің қалдықтары табылған. 

Археологиялық қазба жұмыстарының арқасында Құрбан айттың алғашқы күні Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, орынбасары Мейрам Бегентаев және Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов, ПМПИ ректорының міндетін атқарушы Алтынбек Нухулы және орталық директоры Тимур Смағұлов арнайы барып, көрді.

Археологтардың мәлімдеуінше, Ақкөл-Жайылма Ұлы Дала елінің көне саяси орталығы болған. Бұл жерде Алтын Орда жүздері саяси мәселе шешкен. Кешенге қазба жұмыстарын жүргізу әлі де жалғасуда.

Жаңа орталықтың ашылу лентасы қиылғаннан соң Алтынбек Нухулы мен Тимур Смағұлов қонақтарға орталықты таныстырды.

Алтынбек Нухулы оқу орнының археологиялық орталығы қызметкерлерінің командасы мен әсіресе, орталық басшысы Тимур Смағұловтың еңбегін ерекше атап өтті.

Бұл жаңалық өлкенің тарихын зерттеп,  дамытуға үлкен септігін тигізері хақ.