Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған курс
12.04.2017
Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасындағы Балаларды дамыту орталығының базасында көктемгі мектеп демалысы кезінде бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Курс 36 сағат көлемінде жоспарланып, «Бастауыш білім берудің жаңартылған мазмұны» айдарымен жүргізілді. Курсты жүргізген кафедра ғалымдары «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері сертификаттарының иегерлері п.ғ.к., профессор Жумабаева З.Е., PhD доктор, аға оқытушы Сапабеков Д.Қ.
Курс бағдарламасының мақсаты: бастауыш сыныпта білім беруді жаңарту тұрғысында мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру.
Курс бағдарламасының міндеттері: бастауыш сыныпта жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымымен, ондағы оқу материалдарының мазмұнымен, білімдендіру мақсаттарымен таныстыру; бастауыш сыныпта жаңартылған білім берудің негізгі ұстанымдарымен таныстыру; бастауыш сыныпта білім беруді жаңартуды іске асыру үшін қажетті алғашқы дағдыларын қалыптастыру.
Курсқа қатысушылар 36 сағаттық курс ауқымында бастауыш білім беру бағдарламасының құрылымымен, мазмұнымен танысып, оны іске асыруға қажетті педагогикалық дағдыларды қалыптастыру үшін жан-жақты әрекет жасады. 1-ші сыныптарға арналған оқулықтарды зерттеп, олардың мазмұнын қарастырып, оқыту үдерісіне енгізуге қатысты педагогикалық амалдарды саралады. «Ортақ тақырып» тұжырымдамасының мәніне назар аударып қана қоймай, қалай оны іске асыруға болатыны қарастырылды, бағалау жүйесін түсіну және қолдана білу мүмкіндігіне қатысты кеңестер талқыланды.
Жаңартылу шеңберіндегі сындарлы оқыту тәсілдері белсенді оқуға негізделеді. Бастауыш сынып мұғалімдері сындарлы оқудың педагогикалық ұстанымдарымен танысты. Курста алынған білім ұстаздық еңбегінде орын алып, болашақта Елбасымыздың білімдендіру үдерісіне қойған: «Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп шығуы тиіс. Оқытудың нәтижесінде оқушылар сын тұрғысынан ойлау дағдыларын, өз бетінше зерттеу жүргізу және ақпаратты терең талдау дағдыларын меңгеруі тиіс»,- деген талаптарын орындауға қомақты үлес қосары сөзсіз.