Перейти к содержимому страницы.

Павлодарлық зиялы қауым серпіндік студенттермен кездесті

27.03.2017

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшелері «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларымен Жолдауды түсіндіру жөніндегі кездесуі өтті.

Қонақтар арнайы ұйымдастырылған экскурсия аясында серпіндік-студенттердің тұрмыстық жағдайларымен таныс болды. ПМПИ тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ербол Исақаевтің айтуынша институтта 442 серпіндік білім алуда. – Студенттердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға үлкен көлемде қаражат бөлінуде, қажетті техника алынуда. Бір сөзбен айтқанда, студенттердің сапалы білім алып, болашақта білікті маман атануы үшін барлық жағдай жасауға тырысудамыз, - деді ол.

Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаева тәуелсіз Қазақстанның негізі қаланып, дамуындағы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтіп, Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды.

– Ертіс өңіріне қош келдіңіздер дегім келеді. Өңіріміз тек елдің маңызды өндірістік, энергетикалық орталығы ғана емес, сонымен бірге Шәкен Айманов, Иса Байзақов, Естай Беркімбайұлы секілді мәдениет қайраткерлері туған қасиетті мекен. Елбасының бастамасымен жүзеге асылып жатқан «Серпін-2050» бағдарламасының арқасында сіздер сапалы білім алып, осы өңірдің өсіп-өнуіне өз үлестеріңізді қосуға мүмкіндік алдыңыздар. Осы орайда, сіздерге тілейтінім сәттілік,

- деді Ж. Тәйкебаева.

Кездесу барысында «Мирас» кеңесінің мүшелері студенттермен сұхбат құрып, сұрақтарына жауап беріп ақыл-кеңестерін айтты. Өз кезегінде, ПМПИ 2 курс студенті, Ибрахим Болатбек серпіндіктер атынан меймандарға тұщымды, әрі пайдалы ақыл-кеңестері үшін алғыс білдірді.

">