Перейти к содержимому страницы.

Білім беру грантын беру ережесі

Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесі

1. Жалпы ережелер

1. Осы Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) «Білім туралы» Қазақстан               Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленген және жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын берудің тәртібін айқындайды.

2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) білім беру гранты - кәсіптік білім алуға төлеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шарттармен білім алушыға берілетін ақшаның нысаналы сомасы;

2) білім беру саласындағы уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

3) республикалық конкурстық комиссия - білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі - Комиссия).

2. Білім беру грантын беру тәртібі

3. Білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты білім саласындағы уәкілетті орган құратын Комиссия өткізеді.

4. Комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) басшылары санынан қалыптасады.

Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. Комиссия отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі.

5. Білім беру гранттары талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша мамандықтар кезектілігіне сай білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша сертификаттар балдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.

Білім беру грантын алу конкурсында қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша балдар ескеріледі.

5-1. Білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін азамат жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш, білімі туралы құжат (түпнұсқа), ұлттық бірыңғай немесе кешенді тестілеудің сертификатын, 3x4 көлеміндегі екі фотосурет, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.

Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін азамат өтініште өзі таңдаған мамандық пен жоғары оқу орнын көрсетеді.

Таңдау бойынша пәндер сәйкес келген жағдайда азамат төрт мамандықты көрсете алады.

Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 23-31 шілде кезеңінде қабылданады.

5-2. Осы Ереженің 6 және 6-1-тармақтарында көрсетілген білім беру грантын алуға басым құқығы бар азаматтар жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына аталған құқықты растайтын құжатты тапсырады.

5-3. Шет тілінде берілген құжаттардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариалды куәландырылған аудармасы болуы тиіс.

Шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар заңнамада белгіленген тәртіппен нострификатталуы тиіс.

5-4. Бірінші және екінші топтағы мүгедек азаматтар, мүгедек балалар, сондай-ақ бала кезден мүгедектер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына таңдаған мамандығы бойынша оқу үшін теріс көрсеткіштің жоқтығы туралы медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қорытындысын ұсынады.

5-5. Конкурсқа қатысу үшін кемінде 50, ұлттық жоғары оқу             орындарына түсу үшін кемінде 70, ал «Жалпы медицина» мамандығы               бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша – кемінде 4 балл жинау қажет.

5-6. Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер білім беру грантын алу конкурсына бір мамандық бойынша қатысады және тек шығармашылық емтихан тапсырған жоғары оқу орнын ғана көрсетеді.

6. Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде:

1) «Алтын белгі» белгісімен марапатталған адамдардың;

2) дербес білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар адамдардың;

3) тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бірінші, екінші және           үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы        Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.

6-1. Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде көрсеткіштер бірдей болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуына болатын жағдайда І және ІІ топтағы мүгедектердің, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне           теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары)         бар адамдардың басым құқығы бар.

Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе           дипломның жоғары орта балдары бар тұлғаларға беріледі.

Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.

7. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін, І және ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін конкурс көрсетілген санаттар арасындағы бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен бекітілген квоталар бойынша өткізіледі.

Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысушы тұлғалар үшін бекітілген қабылдау квотасы барлық өтініш білдірілген мамандықтарға қолданылады.

8. Ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота белгіленген мамандықтар бойынша конкурс мынадай түрде өтеді: осы мамандықтар мен оқыту тілі бойынша гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал қалған 30 пайыз грантқа конкурс тек ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға өткізіледі.

8-1. Білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын Комиссия оқыту нысанына қарамастан, жоғары өту балымен мамандықтарға дайындау бағыттарының ішінде осы ереженің 5, 6, 6-1-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.

«Халықаралық келісімдер бойынша келген шетелдік тұлғаларға білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын тағайындау бойынша шешімді Комиссия қабылдайды.

8-2. Комиссия шешімінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығы шығарылады және білім беру грантын тағайындау туралы куәлік ресімделеді.

Білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Білім беру грантын иеленуші өзі жоғары оқу орнына қабылданғанға             дейін одан бас тартқан жағдайда, білім беру грантын беру туралы куәліктің күші жойылады, ал білім беру гранты осы Ережеде белгіленген тәртіппен беріледі.

8-3. Білім беру грантын беру туралы куәлікті қабылдау комиссиялары азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 15 тамыздан кешіктірмей береді.

2-1. Жоғары білім алу үдерісінде босаған бос білім беру гранттарын беру тәртібі

8-7. Жоғары білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттарын беру жазғы және қысқы каникул кезеңінде конкурстық негізде бар бос орындарға мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

1)ақылы негізде білім алушы жоғары оқу орны басшысының атына         одан әрі білім беру гранты бойынша оқуға өтініш береді;

2)жоғары оқу орны өтінішті конкурстық негізде қарап, ғылыми           кеңесінің шешімімен бірге ағымдағы жылғы 5 тамыз бен 15 қаңтарға дейінгі мерзімде шешім қабылдау үшін оны білім беру саласындағы уәкілетті               органға жібереді. Білім алушының өтінішіне оқу кеңесінің шешімімен қоса, үміткердің сынақ кітапшасынан немесе транскриптінен үзінді, сондай-ақ               жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және жоғары оқу орнынан шығарылған білім беру гранты иегерінің куәлігі (түпнұсқа) қоса беріледі;

3)білім беру саласындағы уәкілетті орган түскен жылын ескере отырып, оқыту мамандығы, нысандары мен мерзімдері бөлінісінде               құжаттарды қарайды және мәселе оң шешілген жағдайда білім беру грантын беру туралы бұйрық шығарады;

4)білім беру саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде білім беру грантын беру туралы куәлік ресімделеді;

5) білім беру грантын беру туралы берілген куәлік негізінде жоғары               оқу орнының басшысы білім беру гранты бойынша одан әрі оқуға бұйрық шығарады.