Перейти к содержимому страницы.

ПМПИ «Ұлы дала елі» фестиваліне қатысты

24.08.2016

Тамыз айының 19-20 күндері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдыған орай облыс орталығында өткен «Ұлы дала елі» этнофестиваліне Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты қатысты. Фестиваль Кенжекөл ауылындағы Ақтөбе төбесінде өтіп, ұлан-асыр тойға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдері мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған меймандар келді.

Этноауылда 50-ге жуық киіз үй тігіліп, қонақтарға қазақтың кең дастарханы жайылды.

Ақтөбе төбешігінде өтуінің өзіндік сыры бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ-жоңғар заманында бұл мекенде билер мен батырлар бас қосып, қазақ елінің болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдаған екен.  

ПМПИ екі киіз үй тігіп, онда бас сұққан меймандар мәдениет, салт-дәстүрмен танысып, ұлттық тағамнан дәм татты.

Фестивальде көптеген түрлі шаралар өтті. Жиналған жұртшылық жүз адам қатысқан парадты шеруді, «Nomad» ат-каскадерлер шоуына және ұлттық спорт түрлерін көріп, куә болды.

Сонымен қатар, жиналғандар «Сарқыт» атты ұлттық тағамдар көрмесін, «Ақ сандық, көк сандық» қазақ ұлттық ойындарын тамашалап, «Қанеки, сөйле, қызыл тіл» атты ақындар айтысына, «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» байқауын тамашалады. 

«Құлагер» ипподромында Павлодар, Алматы облыстары мен Семейден келген қырыққа жуық сәйгүліктің қатысуымен аламан бәйгеге ұласты.

Этноауыл аумағында көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырылып, фестиваль қонақтары қолөнершілер әзірлеген түрлі бұйымдарды тамашалап, сатып алды. Әрбір халықтың ұлттық тұрмыс-тіршілігінде, тарихи даму барысында ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар ерекше рөл атқарады. Мұнда Казақстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстанан, Монғолиядан, Ресейден келген зергерлер, ағаш, киіз, керамика шеберлері және кесте тігушілердің қатысуымен қолданбалы өнердің жәрмеңкесі және шеберлік сыныптары, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі өтті. 

Фестиваль аясында Павлодар қаласындағы «Баянауыл» мәдени-сауық орталығының алдында Малайсары Тарханға арналған ескерткіш ашылды.

Малайсары батыр – Павлодар облысының тумасы, талантты көшбасшы, Орта жүздің көсемі, Бөгенбай, Қабанбай мен Баян және Олжабай батырлардың кеңесшісі.  

Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Болат Бақауов, «Малайсары-тархан» қоғамдық қорының президенті Тито Сыздықов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және көптеген құрметті қонақтар қатысты.

Ескерткіш қаланың бас жобасын әспеттеуде, тәуелсіздіктің ұлттық жемісі іспеттес.

«Ұлы Дала елі» жобасы аясында ПМПИ ректорының міндетін атқарушы профессор Алтынбек Нухулы төрт деректі фильмге сарапшы ретінде қатысты. Фильмдер Баянауылдың төл перзенттері Бұқар жырау, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жасыбай батыр және композитор Жаяу Мұсаға арналған болатын. Аталмыш туындылар тамыз айының соңында «Білім және мәдениет» арнасынан көрсетілетін болады.

Сонымен қатар жоо басшылығы қазақтың ойшыл философы, ғұлама, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Баянауыл ауданына қарасты Ескелді шатқалындағы тарихи-мәдени қонақ үйінің ашылуына қатысты.

Бұл ауқымды шараға да аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы және Парламент депутаттары, республика, аймақтың зиялы қауымдары, ақын, жазушылар қатысты.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қонақ үйінің бірінші қабатында екі экспозициялық зал бар. Онда әулиенің мәдени мұралары қойылған.

Аймақ басшысының айтуынша, қазақтың көрнекті ақыны, этнограф, тарихшысы Мәшһүр Жүсіптің бай мұрасы ұлттың рухани азығы. Баба мұрасын әспеттеу бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі мыңдаған халықтың зиярат етіп келу орны, оны құрметтеу арқылы кесененің жанынан бір қонақ үй салу көптен ойда жүрген игі іс еді. Міне, бүгін сол жоспар жүзеге асып, қуандық, деді өңір басшысы.

Осылайша, «Ұлы дала елі» этнофестивалі – бүкілхалықтық мереке болып тойланды. Кеңбайтақ жеріміз бен Ұлы даламызды бізге аманат етіп кеткен ата-бабаларымыздың рухына құран бағыштау, тағзым ету, төл тарихымызды тереңнен тану, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Міне, осының бәрі дерлік болашақ үшін, жастар үшін тәлімді, тәрбиелі сабақ болмақ. Бұл той, мына қаз-қатар тігілген аппақ қазақ үйлер, кеңінен насихатталған қазақтың бұйымдары, өткізілген ат жарысы, ұрпақ жадында ерекше жатталып қалары, сөзсіз.

">